Әлия Ерназарова: «Микроағзалар көмегімен мұнай өндіру көлемін арттырамыз»

Бүгінде Қазақстанның мұнай-газ секторында мұнай мен газ өндірудің көлемі тұрақты түрде өсіп келе жатқаны белгілі. Еліміз мұнай мен газ өндіру бойынша ең бай Батыс, Араб және басқа елдермен қатар келеді және әлемнің ең ірі жиырма өндіруші елдердің қатарында, ал көмірсутек қорлары бойынша алғашқы  ондыққа енген. Мұнай өндіруші елдерде мұнай қабаттарынан мұнай алудың жетілдірілген, заманауи әрі индустрияландырылған әдістермен өнімділігін арттыру жолында жасалған зерттеулер қанағаттанарлықсыз болғанымен жылдан жылға мұнай өнімдерін тұтыну артып келеді. Әртүрлі елдер мен өңірлер бойынша пласттардан мұнайдың шығуының орташа ақырғы мәні 25-40%-ға дейінгі аралықты құрайды.

Осыған орай, қазірдің өзінде дамыған қабаттардың мұнай өндірілуін едәуір арттыратын жаңа технологияларды әзірлеу міндеті оңтайлы шешілуде. Мұндай өндіру ісін зерттеумен еліміздегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экология мәселелері ҒЗИ-да да көптеген жұмыстар жүргізіп келеді. Институттың ғылым бойынша директорының орынбасары Ерназарова Әлия Құлахметқызы микробиологиялық әдіспен пласттардан мұнайдың шығуын жоғарылатудың технологиялық сызбасын жасауда. Осы орайда ғалыммен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

– Мұнай кен орындарындағы мұнайды толықтай игеру барысында сіздердің бастамаларыңызбен қандай жұмыстар атқарылды?

– Біздің жобамыздың мақсаты – микроағзалар көмегімен мұнайдың пласстардан шығу көлемін арттыру. ҚазҰУ-дың микробиолог ғалымдары 2015-2017 жылдары грантты қаржыландыру бойынша жоба жасаған болатын. Жоба аясында Маңғыстау облысындағы Жетібай, Атыраудың Құлсары кен орындарынан пласттардан судың сынамасы алынып, микроағзалардың дақылдары бөлініп алынды. Сол микроорганизмдердің мұнайды шығаруға қажетті белсенділіктері, яғни, қышқылдар, газ, беттік белсенді заттар түзу қабілеттіліктері  зерттелген болатын.

Мұнай көлемін арттырудың қандай тәсілдері бар?

– Мұнайды қабаттардан шығаруды жоғарлатудың төрт негізгі тобы бар:

  •  химиялық, яғни беттік-активті заттарды, сұйық ертінділерді пластқа енгізу;
  •  газды-көмірсутек газы, көмірқышқыл газын пластқа енгізу;
  •  жылулық – ішкі қабаттық экзотермиялық тотықтырғыш реакциясы арқылы жылу байланыстармен мұнайдың тығыздалуы;
  • микробиологиялық, яғни, мұнай қабаттарына белсенді микроағзаларды немесе олардың метаболиттерін енгізу.

Микробиологиялық әдісті шетелдік мұнай компаниялары кеңінен қолданады. Мысалы мұнай игеру кезінде оның 25-30%-ы мұнай ұңғымасында қалып кетеді. Осы ретте беткі белсенді заттар микроағзалардың метаболиттері сол қалған мұнайды сұйылтады. Осылайша оларға «екінші өмір» сыйланады. Бұл – микробиологиялық әдіс. Процесс барысында қышқылдар мұнайдың тұтқырлығын азайтып, оны әлдеқайда жылжымалы ете түседі. Сонымен қатар микроағзалар газдар бөледі, мысалы CO2  ұңғыма саңылауларда қалып қойған мұнайларды шығаруға көмектеседі. Осы метаболиттер әсерінен мұнай беру көлемі артады. Қазақстанда бұл әдіс қолданылмаған және осыған дейін зерттеулер жүргізілмеген.

Жобадан қандай нәтиже күтіледі?

– Менің жобамның мақсаты  мұнай беруді арттырудың технологиялық сызбанұсқасын жасау болғандықтан біз тиімділігі ең жоғары микроағзаларды іріктеп, солардан консорциумдар жасаймыз. Бұл зерттеуіміз Жетібай мен Құлсары кен орындары жағдайына арналған. Метаболиттерді көбірек бөлетін, пласттың эксремальді жағдайларына төзімді микроағзаларды іріктейміз, бұл мұнай өндіру көлемін арттырады. Органикалық қышқылдықтарды қараймыз, беткі белсенді заттар, CO2 бөлінуі, тіршілік ете алуын ескереміз. Біздің жағдайда тіршілік ететін микробтар мен эксперименттерді басты назарға аламыз. Ары қарай ассоциация құрамыз, өйткені бір микроағзаны енгізсек, тіршілік ете алмауы мүмкін. Органикалық қышқыл бөлетін микроағзалар да бар, олардың кейбірі мұнайды сұйылтуы мүмкін. Болашағы зор, тиімділігі жоғары түрлерден ассоциация жасаймыз. Олардың өзара әрекеттесуін бақылаймыз. Өйткені бір микроағза бөлген токсин екіншісіне әсер етуі мүмкін. Үш микроағзаны таңдап аламыз, ары қарай зертханада үлгілік сынақ жасаймыз. Екінші жылы оңтайлы орта жағдайын іріктеумен айналысамыз. Ол жерде әдебиеттерге сүйеніп, осыған дейін жасалған зерттеулерді сараптап, бар нәтижелерді жетілдіреміз, микроағзалармен бірге қорек көзін де енгіземіз.  Қорек заты ретінде өндіріс қалдықтарын қарастырамыз. Себебі, микроағзаларды жаңа ортаға енгізген кезде, көбейіп алу үшін табиғи қорек заттар керек. Қалдықтарды қорек ететін орта жасау екінші жылы жалғасады, мұндай қоректік орта арзан, қалдық болуы қажет, яғни экологиялық тазалау жағынан да пайдалы болуы керек. Кейін ұңғыма жағдайындағы сызбанұсқасын жасаймыз. Осылайша Жетібай және Құлсары кен орындарында микроағзаның қанша мөлшерде салынуына дейін анықтаймыз. Дәл осы аймақтардан микроағзаларды алу өте маңызды әрі болашағы зор.  

Шетелдік препараттарды қолдану қаншалықты тиімді?

– Бізге белгілісі, шетелдік қолданыстағы тиімді препараттар белгілі – бір аймақтар үшін жоғары әсер етеді, яғни климаттық өзгешеліктерге байланысты Қазақстандық кен орындарда пайдалануда тиімсіз болуы мүмкін, ал отандық технологиялармен мұнай шығаруды жоғарылатуды зерттеу еш күмән келтірмеуі тиіс.

 

Арайлым БИМЕНДИЕВА,

«ҰМҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі

 

 

Дата публикации: 
26.03.18